scieee AI-readable full text Open interactive document viewer

ҚAЗАҚ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ШЕШЕНДІК ТУРАЛЫ ОЙЛАРЫ

Көшекова Айнур Аргынтаевна

Full text

247 ҚAЗАҚ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ШЕШЕНДІК ТУРАЛЫ ОЙЛАРЫ Көшекова Айнур Аргынтаевна Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті профессор м.а., ф.ғ.к. Алматы қ., Қазақстан. [email protected] DOI: https://doi.org/10.5281/zenodo.17272024 Түйін: Бұл мақалада қазақ ғалымдарының шешендіктану туралы теориялық ойтұжырымдары жайында баяндалады. Қазақ шешендік өнері ерте замандардан бастау алатын тамыры терең, аса күрделі салалардың бірі. Біздің шешендік өнеріміз шалқар мұхиттай шексіз аса көлемділігімен, көркемдігімен сипатталатын әлемдік риториканың бір бөлігі болып табылады. Бірақ көшпенді халықтың шешендігінің өзіне ғана тән, елдің өзіндік дүниетанымынан, ұғым-түсініктерінен, салт-дәстүрлерінен, этникалық санасынан туындайтын ерекшеліктері жайында кеңінен сөз болады. Тірек сөздер: Риторикалық әдіс, шешендік сөз, сөз талғау, тіл әуезділігі, дәстүрлі шешендік, шаршы топ. Abstract:This article outlines the theoretical considerations of Kazakh scientists about oratory. Kazakh oratory is one of the most complex industries with deep roots from ancient times. Our oratory is part of the world's rhetoric, characterized by the boundless vastness, the beauty of the ocean. But the peculiarities of the oratory skills of the nomadic people, arising from the original worldview, concepts, traditions, ethnic consciousness of the country, are widely discussed. Keywords:rhetorical method, eloquence, speech analysis, melodiousness of the language, traditional eloquence, Square Group. Түркі топырағынан шыққан ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фараби өзінің «Риторика» деп аталатын трактатында шешендік өнердің теориялық негіздерін талдайды. Қазақ шешендік тану ғылымының әл Фарабидің «Риторикасынан» және оның силлогизмге, пікір айтуға, поэтикаға байланысты трактаттарынан басталғаны белгілі. Ғалым шешендік өнердің - көзқарас, ой-тұжырым, пікір айту, дәлелдеу, сендіру сияқты көптеген элементтерін зерттеп, жүйелі қорытындылар жасайды. Әл-Фараби риториканың тыңдарманның жүрегінде сенімді қалыптастыратын ілім екенін, шешеннің басты мақсаты нандыру, сендіру болып табылатынын және бұған риторикалық әдістерді қолдану арқылы жетуге болатынын баяндайды. Ол шешендік өнерінің ең басты мақсаттарының бірі болған тыңдарманды айтылатын сөзге сендірудің, оның көзін жеткізудің төмендегідей әдістерін атап көрсетеді: 1. Энтимемаларды және мысалдарды пайдалану. Әл-Фараби ғылымда дәлелдеу және диалектикада силлогизм қандай маңызға ие болса, энтимема мен мысалдың да риторикада сондай маңызға ие екенін ескертеді [1, 476]. Бұл 248 жерде энтимема дегеннің белгілі бір қорытындылар жасауға мүмкіндік беретін, толық емес ой-тұжырымдар (силлогизмдер) екенін атап өту керек. 2. Сөзді сөйлеушінің ізгілікті жан екеніне және оның қарсыласының бұзылған адам екеніне назар аударту. Тыңдармандар сөз сөйлеушінің ізгілікті адам екеніне көз жеткізсе ғана, оның сөзіне сенеді. Бұның өзі адиторияны тез сендіруге көмектеседі. Әл фараби Галеннің қарсыластарымен дауласқан кездері осы әдісті қолданғанын мысалға келтіреді. Гален өзінің ізгілікті жан екенін алға тартып, өзін мадақтайды, қарлыласының кемшін тұстарын көсете отырып, оны кемсітеді. 3. Тыңдармандардың жүрегінде жаны ашу сезімін тудыру арқылы оларды өз жағыңа тарту, мұның өзі тыңдармандарды сөз сөйлеушінің дұрыс айтып тұрғанына және оның қарсыласының сөзінің жалған екеніне сендіреді. Әділқазыны және төңіректегі адамдарды сөз сөйлеушінің жағына тарту немесе оның қарсыласының жағына тарту мәселесі осыған байланысты болады. 4. Тыңдармандарды өз сөзіңнің ақиқат екеніне сендіру үшін, олардың дүниетанымдық, этикалық көзқарастарын пайдалану. Әрбір қоғамның — әділеттілік, қайырымдылық, ынтымақтық, достық сияқты ұғымдарға байланысты бұрыннан қалыптасқан этикалық көзқарастары болады. Шешен өз сөзінде сондай көзқарастарға сүйене алады. 5. Тыңдармандары сендіру үшін бір нәрсені ұлғайтып немесе кішірейтіп көрсету. «Егер сөйлеуші өзінің сөзінде [өзіне қатысты айтқан кезде] жақсылық пен ақиқатты ұлғайтып және жалғандық пен жамандықты (азайтып) кішірейтіп көрсетсе, [сонымен қатар] өз қарсыласының жалғандығы мен жамандығын ұлғайтып жіберсе, бұл әдіспен ол қарсыласының сөзінің күшін азайтады. Бұл [әдіс] софтистикада қолданылады» деп жазады әл-Фараби [1, 482]. 6. Бұрыннан жазылып, қағазға түскен әдет-ғұрыптарға жүгіну, соларды куә ету. 7. Өз сөзінің растығын дәлелдеу үшін басқа бір жанды немесе бір топ адамдарды куә ету. 8. Сөз сөйлеушінің ішкі қалауы және оның қорқыныштары. Сөз сөйлеуші өзінің шындықты айтқаны үшін игілікке қол жеткізуді қалайды. Бірақ, «жалған сөйлесем мен жаманшылыққа ұшыраймын» деп қорқады. 9. Алдын ала болжамдау [көріпкелдік]. Әл-Фараби мұндай әдістің мысалы ретінде Галеннің мәйітті ашу арқылы нервтердің жүректен басталатынын көрсеткен адамға он мың динар беремін деп бәстескенін баяндайды. 249 10. Сөз сөйлеушінің өз сөзінің растығын дәлелдеу үшін ант беруі. 11. Сөз сөйлеушінің бет-жүзінің, оның денесінің сыртқы көріністері, оның іс-әрекеттері. Мысалы, сөйлеуші «бір аса қатерлі оқиға жақындап келе жатыр» деген сөздерді айтса, оның бет-жүзі қорқынышқа толы болуы тиіс. 12. Сөйлеушінің дауысы, интонациясы, сөйлеу мәнері. Кейінгі кезеңдегі қазақ шешендік ғылымының өркендеуі туралы айтар болсақ, А.Байтұрсынұлының 1926 жылы жазылған «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінің елімізде бұл ғылымды жаңа кезеңге лайықтап дамытудың бастамасы болғанын атап өту керек. Ғалымның бұл кітабының «Сөз талғау» атты тарауында сөздің дұрыстығы, тілдің тазалығы, анықтығы, дәлдігі, көрнектілігі, көріктілігі мәселелері сөз болады. Сөзді көркемдеп сөйлеудің — меңзеу, бейнелеу, алмастыру, кейіптеу, бернелеу («Бір нәрсенің, көбіне адамның мінезін, құлқын, ғамалын екінші нәрсенің мысалында көрсетіп айту – бернелеу болады» [2, 61]), әсірелеу сияқты түрлі әдістері талданады. Әсірелеудің (лептеудің) өзінің арнау, қайталақтау, шендестіру, дамыту, түйдектеу, бүкпелеу, кекесіндеу тәрізді болып бөлінетінін көрсетеді. Бұлардың бәрінің поэзияда, мысалдарда немесе прозада ғана емес, шешендік өнерінде де кеңінен қолданылатын әдістер екені даусыз. А. Байтұрсынұлы осы еңбегінің «Тіл (лұғат) әуезділігі» атты тарауында сөйленетін сөздің құлаққа жағымды болуы, әуезділігі, тартымдылығы мәселелерін қозғайды. «Әдебиет танытқыш» кітабының «Қара сөз» деп аталатын тарауында тікелей шешендік өнер туралы айтылатын «Шешен сөз» атты тармақшасы бар. А. Байтұрсынұлы шешен сөзді байымдаманың бір түрі деп қарастырады. Ғалым байымдаманың өзіне: «Көсе сөзбен жазылған шығарма бір пікірді қуаттап, толықтырып баяндаса, баяндауын түрлі сипаттармен дәлелдесе, ондай шығарма байымдама деп аталады» [2, 202] деген анықтама береді. Байымдаманың — 1. Бастамасы. 2. Ұсынбасы. 3. Баяндамасы. 4. Қорытпасы деген төрт зор мүшесі болатынын; оның — 1. Пән (ғылым). 2. Сын. 3. Шешен сөз. 4. Көсем сөз деген түрлері бар екенін атап көрсетеді. А. Байтұрсынұлы байымдаманы жазған адамның басты мақсаты негізгі пікірін баяндап, түрлі дәлелдермен сипаттап, анық түсіндіріп беру екенін мәлімдейді. Ал, шешен сөзді айтушының одан айырмашылығы өз пікірін баяндап, сипаттап, түсіндіру ғана емес, сонымен бірге тыңдарманды айтқан сөзіне сендіру, оның сезіміне әсер ету, нандыру, айтқанына көндіру болмақ. Ғалым шешендік сөздің тыңдарманға эмоционалдық әсеріне барынша мән 250 береді, яғни сөз сөйлеуші құрғақ дәлелдермен адамдарды сендіріп қана қоймайды, шешен сөз тыңдаушылардың жанына әсер етіп, бойын билеп алуы, қанын қыздыруы, намысын келтіруі, арқасын қоздыруы тиіс. Ғалым шешендік сөздерді: мемлекет ісіне қарар шығарту мақсатымен сөйленетін - саясат шешен сөзі; сотта адамды қаралау немесе ақтау үшін айтылатын - билік шешен сөзі; бір адамның халыққа көрсеткен қызметін дәріптейтін - қошемет шешен сөзі; ғалымдардың пән мазмұнын баяндаған - білімір шешен сөзі және діни ғұламалардың уағызы деп бес түрге бөледі. Байымдаманың тағы бір түрі көсем сөздің де мақсаты көпшілікке белгілі бір ой-тұжырымды ұсыну, оның дұрыстығына адамдардың көзін жеткізу және ұсынылған идеяны іске асыруға қол жеткізу. Бірақ, көсем сөздің шешендік сөзден айырмашылығы шешен сөз ауызша айтылады, ал көсем сөз көпшілікке жазбаша күйінде ұсынылады. Көсем сөз бүкіл әлеуметке, қоғамға, елдің басшылығына әсер ету мақсатында қолданылады. Көсем сөздің қоғамдағы атқаратын рөлі туралы ғалым: «Әлеумет, шаруашылық, қазыналық, мектептік, соттық, саясаттық, тағысын тағы сондай қоғамшылық істерін түзеу, жаңалау, өзгерту керек болған кезінде халықты соған көсем сөз арқылы ұйытып, көбінің миына қондырып, көңіліне сіңіреді» деп жазады [2, 209]. Яғни, қазіргі публицистика деп аталып жүрген көкейкесті әлеуметтік мәселелерді көтеретін, қоғам өміріне өте қажетті саланы ғалым көсем сөз деген терминмен атаған. Алғаш рет шешендік өнерінің құрам бөліктерін, көркем сөйлеудің әдістерін ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеген, оны жіктеп, классификациялаған А. Байтұрсынұлының бұл еңбегінің қазақ шешендік ғылымының теориялық негіздерін жасаудағы үлесі орасан зор. Ұлы жазушы М. Әуезов өзінің 1927 жылы жазылған «Әдебиет тарихы» атты кітабында қазақ топырағында шешендіктің бүкіл ел-жұрт әспеттейтін, қастерлейтін, терең тамырлы үлкен халықтық өнерге айналғанын баяндайды. «Айтыс сөздерінің молдығы мен көп жайылғандығына қарасақ, қазақ елі ақындық теңізі сияқты көрінеді» [3, 179] деп жазады қазақтың шешен тілді, көсем сөзді халық болғанына сүйсінген жазушы. М. Әуезов «Қазақ ескілігінің бір үлкен саласы — айтыс өлеңдер» дей келіп, шешендік сөз жарыстырудың біздің халқымыздың күнделікті тұрмыс-тірішілігінің ажырамас бір бөлігіне айналғанын, жиын-тойларда қыз бен жігіттің, құрбы-құрдастардың, тіпті, құда мен құдағидың айтысып жататынын атап өтеді. Суырып салма ақындығы жоқ адамдардың өзінің «жаттама өлең» айтып, жас жігіттердің «Әри айдай, бойдай талай» деп бастап, ең болмағанда айтыстың ырымын келтіріп, сөз 251 жарыстыратынын тілге тиек етеді. Сөз талас, шешендік жарыс болмаса айт пен тойдың қызықсыз өтетінін, шешендік, тіл өнерінің халық арасындағы бағасы өте жоғары екенін айтады. Осылайша, ұлы жазушы қазақ халқындағы шешендік өнердің терең бастауларын ашып көрсетеді [3, 179]. Қазақ шешендік ғылымы соңғы кезеңде жаңа зерттеулермен толықты, бұл тақырыпта келелі, терең еңбектер жазылып, диссертациялар қорғалды. 1945 жылы ғалым Ә. Маметова «Қазақ билерінің шешендік сөздері және оның әдебиеттегі тарихи орны» атты диссертациясын қорғады. Ғалым Балтабай Адамбаев «Шешендік сөздер» (1967), «Шешендік сөздер (Сырым сөздері негізінде)» (1969), «Халық даналығы» (1976), «Қазақтың шешендік сөздері» «1984) деп аталатын ғылыми зерттеулерін жариялап, ұлттық шешендік өнердің теориясының дамуына үлкен үлес қосты. Ол өзінен бұрынғы зерттеушілер қолданған «билер сөзі» деген терминді «шешендік сөздер» терминімен алмастырды, шешендік сөздерді мазмұндық, құрылымдық жағынан топтарға жіктеді. «Дәстүрлі шешендік сөздер дегеніміз — белгілі бір мәселеге байланысты тапқыр ой, көркем тілмен айтылған және халық қабылдап, жиі қолданып, сөйлемдік құрамы қалыптасқан жүйелі, үлгілі сөздер. Онда халықтың бастан кешірген уақиғалары, ақыл-ойы, арман-тілегі бейнеленеді, дүниеге көзқарасы көрінеді» [4, 8] деп жазады Б.Адамбаев қазақ халқының шешендік өнерінің терең тамырлары туралы. Қазақ тілін ғылыми-теориялық тұрғыдан зерттеу, жүйелеу жұмыстарына үлкен үлес қосқан 27 кітаптың, 250-ден астам мақалалардың авторы Р. Сыздықова шешендік өнері және оның ең күрделі, қиын салаларының бірі ақындар айтысы жөнінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тың пікірлер айтты. «Ауызша әдеби сөзді оның қолданылатын кеңістігіне, мақсаттарына, эстетикалық-көркемдік тұрпатына, ресми, бейресми сипатына, дискурстық қатынасына, яғни адресаты мен адресанттарының қатысына қарай монологтік, диалогтік, полилогтік сөздер деп ажыратып қарастырамыз» деп жазады ғалым [5]. Бұдан әрі ол шешен мен аудиторияның, тыңдармандардың (шаршы топтың) қарым-қатынасына кеңінен тоқтап, өткен ғасырлардығы шаршы топпен, қазіргілерінің арасында едәуір өзгешіліктер бар екенін алға тартады. Ғалымның айтуынша бұрынғы шаршы топтар бір киіз үйдің ішіне жиналған адамдар немесе әрқилы алқалы жиындарға, кеңестерге, жиын-тойларға, астарға жиналған қауым болуы мүмкін еді. Дегенмен, қазіргі кездері шаршы топ ұғымының аясы кеңейіп, өсіп, өзгеріп кетті.Р. Сыздықова шешен мен әрқилы 252 сипаттағы аудиторияның, тыңдармандар қауымының, яғни адресант пен адресаттың арысындағы күрделі, жан-жақты дискурстық қарым-қатынастарды жете талдап, тың қорытындылар жасайды. «Осындай шаршытоптардың алдында ауызша айтылатын сөздер де мазмұны мен мақсаттарына, әлеуметтік ортасына, яғни тыңдаушылардың түрлеріне (мектеп балалары, студенттер, өндіріс орындарындағы ұжымдардың қалыпты жиналыстарына қатысушылар, той-домалақтар мен қаралы жиындарға қатысушылар, айтысқұмарлар т.т.) қарай жалпы жеткізілуі бірдей ауызша болғанмен, ішкі-сыртқы бітімі бірбірінен ажыратылып тұрады, әрқайсысының тілдік-көркемдік ерекшеліктері болады» деп жазады ол [5]. Ж. Молдабеков өзінің 2009 жылы жарық көрген «Шешендік» атты кітабында шешендіктің ерекше табиғатын, өзіндік тылсым сырларын сөз етеді. «Шешендік — таңдамалы таным және тұлғалық талғам; көпті ойландырған, толғандырған ақыл-ойдың құдіреті, адамның ерік-жігерінің қуат көзі; мәселені межелейтін және түсіндіретін күрделі этномәдени құбылыс, таңдаулы талғам және талпыныс; ой тудыратын, ойды толықтыратын өнер, тұлғалықты туралайтын, және шеберлікті өңдейтін ойдың жүйелі еңбегі» деп шешендік өнеріне өте зор баға береді[6]. Әдебиет: 1. Аль-Фараби, Абу Наср Мухаммад. Логические трактаты. Алма-ата, "Наука", 1975. 672 с. 2. А. Байтұрсынұлы. Әдебиет танытқыш. 61 б. 420 б. http://kitap.kz/ 3. М.Әуезов Шығармаларының елу томдық жинағы. Алматы: "Дәуір", "Жібек жолы", 2014. 4 том. 456 б. 4. Қазақтың шешендік сөздері: құрастырған, толықтырған, өңдеген Б.Адамбаев. Алматы. «Ана тілі» баспасы, 2006. 160 б. 5. Р. Сыздық Айтыс – ауызша әдеби сөздің ерекше түрі. http://www.tbi.kz/pages/kyzmetkerler/galymninjekeparakshsasy/syzdyk.html 6. Ж.Молдабеков Шешендік: Оқу құралы. – Алматы: Қарасай, 2009. 432 б.