ҚАРАТАУ ӨҢІРІ АГИОТОПОНИМДЕРІНІҢ ЛИНГВОМӘДЕНИЕТТАНЫМДЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ
Full text
34 ҚАРАТАУ ӨҢІРІ АГИОТОПОНИМДЕРІНІҢ ЛИНГВОМӘДЕНИЕТТАНЫМДЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ Ағабеков Олжас Мұсабекұлы 2-курс докторанты М.Әуезов атындағы ОҚУ, Шымкент, Қазақстан DOI: https://doi.org/10.5281/zenodo.17450410 Резюме: Народы, потерявшие в разные тяжелые периоды истории такие сокровища, как агиотопоним, страновые свидетельства – знаки, несомненно, вместе с этим богатством запятнали и свою историческую память. Если в глазах предков все наследие (агиотопонимы), дошедшее из далеких веков, будет изучено и рассмотрено как можно лучше, такая страна не только поймет себя, но и станет понятной и узнаваемой для окружающих. Поэтому мы должны идти в ногу с предками и не довольствоваться существованием той культурной эпохи, которая дошла до наших дней, а идти в ногу с великими уликами человеческого развития. Ключевые слова: топонимика, агиотопоним, Каратау, семиотика, аспект, познание, некроним, фактор Abstract: The peoples who lost such treasures as the hagiotoponym and the country's symbolic evidence in various difficult periods of history undoubtedly tarnished their historical memory along with this wealth. If, in the eyes of the ancestors, all the heritage (hagiography) that has come down from distant centuries is studied and considered as best as possible, such a country will not only understand itself, but also become understandable and recognizable to others. Therefore, we must keep up with our ancestors and not be content with the existence of that cultural era that has reached our days, but keep up with the great evidence of human development. Keywords: toponymy, agiotoponym, Karatau, semiotics, aspect, cognition, necronym, factor Қазақ халқының ұлттық рухани болмысын бейнелейтін тононимдерінің (агиотопонимдері мен некронимдері) өмірде маңызды орын алып, олардың шексіз дала алқабы мен шөлді жайылымдарда көші – қон кезінде белгілі қызмет атқарғанын байқауға болады. Көшпелі елдің барша тіршілік болмысы жер – ана, табиғатпен тамырлас, олар табиғат құбылыстарының сырын терең танып, табиғатпен етене жақын болған сайын өмір сүру қолайлы екенін жақсы білген. Сондықтан да ұлттың ұлт болып қалыптасуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – ұлттың рухани болмысының табиғатпен тікелей байланысы. Ата – мекен, ата – қоныс, туған ел ұғымдары қазақ дүниетанымында әдетте елдің, жердің топонимдік атауларымен байланысты болып келеді. Осы тұрғыдан келгенде, сырт қараған жанға томаға – тұйық, бұйығы жатқан қарт Қаратаудың әрбір қойнауы сырға толы. Анау Бабатадағы Ысқақ баб, Құмкенттегі Баба Түкті Шашты Әзіз әулие, бәрі құпиясын ішке бүгіп жатқан тылсым дүниелер, аша білсең талай тарихқа кенелесің. Қаратаудың соңғы сілемдері Мыңжылқы, Келіншектау шоқылары,
35 Мойынқұмның тіркес – тіркес жалғасқан Қанжуған мен Қақпансор қобылары, кезіккен әрбір жер – су аттарының өзінде терең сыр жатыр. Сондай – ақ әулие – әмбилердің құтты мекеніне айналған Қаратау қойнауының қатпар – қатпар тарихын қопарып, шежіре мен сыр тұнған қасиетін ислам дінімен сабақтастықта қараудың өзі ғибраты мол, тағылымға толы дереккөз болып табылады. Қазақ даласына ислам діні енгенге дейін көшпелі халықтың өзіндік өмір сүру салты, олардың қоршаған ортамен байланысты өзіндік діни – философиялық ұстанымдары болды. Ол - табиғатпен, түрлі табиғилық атаулымен тіл табысуды бақытты өмірдің кепілі санайтын тәңірлік дүниетаным еді. Көшпелі халықтың құрмет тұтатын табиғаты, табынып – сыйынатын Тәңірі (көк, аспан) болды. Бұл ретте көшпелілер адамзат тарихындағы монотейстік (бір Тәңірге табынушылық) діни таным қалыптастырушылардың алғашқы легінде болды. Қазақ арасында күні бүгінге дейін ислам діні мен оның өкілдері туралы түрлі көзқарастың айтылып қалуы, ал Тәңір туралы бірде бір жағымсыз сөздің айтылмауы, ең алдымен тәңірлік діни танымның моральдық – этикалық нормаға ұласуынан да болса керек. Қазақтың Ұлы даласына 705 жылы Араб халифатының әскері ежелгі Қазақстан мемлекетінің оңтүстік шекарасына келеді. 704 -756 жылдар арасында шаш (қазіргі ташкент), Оңтүстік қазақстан, Қаратау баурайы, Шу мен Іле өзендерінің арасымен шығыс Түркістанға дейінгі үлкен территорияны алып жатқан Түркеш қағанаты Араб басқыншыларына қатты қарсылық көрсетеді. Түркеш қағанатындағы алауыздық пен қағанат ішіндегі түрлі талас – тартыстар 737 – 748 жылдар арасында арабтарға оңтүстік Қазақстан және Орта Азияны басып алуға жағдай жасады. 751 жылы Талас өзені бойында Қытай мен Араб әскерінің арасында ірі шайқас болып, Қарлұқтардың арабтар жағына шығып кетуіне байланысты қытай әскері арабтардан тас – талқан болып жеңіледі. Содан кейін көшпенділер елінде қытай ықпалы жойылып, мұсылман мәдениеті тарала бастады, тоғызыншы ғасырдың басында Оңтүстік Қазақстанның бір бөлігі Араб халифатының құрамына кірді, түрік тайпалары мұсылман діні мен мәдениетін қабылдай бастады, түркі жазулары араб графикасымен алмастырылды. Осындай тарихи оқиғалардан мол хабардар болған зерек ойлы ақын З.Рүстемовтің: Арабтар келгенменен тек келмеді, Бас болды ат артына бөктергені.
36 Сынтастың жазуларын қырып тастап, Тарихқа қиянат қып өктемдеді... Кешегі ойма жазу орынына, Жыландай ирелеңдеп әріп мінді [1,143-144],- деп түркі халықтары жазуына тарихи өзгерістердің басы арабтардан келгенін, екі жарым мың жылдан астам уақыт бойы халыққа қызмер етіп келе жатқан ойма жазудың ығыстырылып шетке шығып қалғандығы туралы толғайды. Осы орайда ислам дінінің көшпелі өмір салттағы қазақтар арасында орнығуына сол кездері төбе көрсете бастаған қайсанийа (мубайдийа), шафийа, караматийа, исмаилийа, сопылық сияқты толып жатқан ағымдарға тұрғылықты халықтардың дәстүрлі діни танымдары, белгілі дәрежеде өз тарапынан да ықпал етті. Нәтижесінде қайсанийа, караматица, сопылық сияқты кейбір діни ағымдардың исламға оппозициялық ілім ретінде танылғаны да тарихтан мәлім. Мұндай ағымдар көшпелі ру – тайпалар арасында исламның діни – философиялық үлгісін қалыптастыруға ықпал етті. Қазақ халқының салт – дәстүрі мен танымдық философиясының ислам дінінің аясында жоғалып кетпей сақталып қалуына, рухани тағдырына айрықша жағымды әсер еткен осынау тарихи үрдістің басында Қожа Ахмет Иассауи тұр. Қожа Ахмет Иассуи еңбектерінің өзегінен қазақтың дәстүрлі мәдениеті мен исламдық ұстанымдарының жарасым тауып отыратынын аңғару тіпті де қиын емес. Бұл ретте Қожа Ахмет Иассауи, ең алдымен, қазақ халқының төлтума болмысын сақтай отырып, ислам дінінің орнығуына ықпал еткен ұлы реформашы ретінде мойындалуға тиіс. Адамзат тарихында, адамның ақыл – ойының даму тарихында өзін қоршаған дүниені танып – білудің, сонымен қатар адам өмір сүрген қоғамды реттеп отырудың бір үлгісі діни наным – сенімдер. Діни дүниетаным бойынша «о дүниелік» және «бұ дүниелік» деген ұғым қалыптасқан. «О дүниелік таным» табиғи өмірден тыс, құдірет күшіне негізделсе, «бұ дүниелік таным» сезіп білуге болатын табиғи таным мен адамның түйсік болмысына негізделген. Діни дүниетанымның негізі – құдіреті күшті жаратушыға сену және дүние тіршіліктің жалғыз иесі сол құдіреті күшті жаратушы деп білу. Осы ұғым – түсінік, түптеп келгенде, діни сенім арқылы қалыптасып, біздің заманымызға дейін жетіп отырған агиотопонимдердің өзегі болып табылады. Агионим (грек. agios – әулие + onyma – есім, атау) нем. Heiligen name – әулие кісілердің аты. Мыс., ор.т. Илья Пророк, Никола Столпник, великомученица Варвара, ; қаз.т. Мұхаммед пайғамбар, әулие Бәтима, хазрет
37 Қожа Ахмед Иассауи т.б. [2,23]. Кез келген халықтың онимдері, агиотопонимдері, рухани мұраларды қалыптастырып, есте сақтау машығы, дәстүр тағлымдары – сол халықтың бастан өткерген ғұмыр жолының айғағы. Сонымен бірге бүгінгі және болашақтағы сан тарау әлеуметтік және рухани мәдениетінің бой көтерер берік тұғыры да өткенмен сабақтасып жатады. Сондықтан да өткеннің парқын танымай тұрып, бүгін мен болашақты дұрыс бажайлауға болмайды. Қандай халық болмасын бүкіл адамзаттық өркениеттен тыс қалып қоя алмайды. Адам болғаннан кейін, адамзат қоғамында өмір сүріп жатқаннан кейін, бүкіл адамзат қоғамымен, оның өткенімен, болашағымен қарым – қатынаста болу табиғи заңдылық. Сондықтан да біз қарастырып, зерттеп отырған Қаратау өңірінің топонимдері мәдениеттің ең озық үлгілерін бойына сіңірген көп қабатты сырлар жатыр, оны төмендегі агионимдер мен некронимдер дәлелдей түседі. Осы тұрғыдан келгенде біз қарастырып отырған Қаратау өңірінде агиотопонимдер көптеп кездеседі. Мысалы: Бибі Хадиша ана, Бибі Мәриям, Бибі Гауһар, Бибі ана, Белең ана, Ақбикеш, Ақбөпе ана, Таңбалы тас әулие, Мыңбұлақ әулие, Шайқы Ахмет мешіті, Мардан ата, Изенді ата, Бәжі баба, Мұхаммед –Ханафия, Бабата медресесі, Тамды ата, Талмас ата, Раң ата, Ысқақ баба әулие, Шашты ата әулие, Саңғыл ата әулие, Қошқарата әулие, Қарабура әулие, Қақырық әулие, Дөңгелек әулие, Бекенбай әулие, Бекетай әулие, Балықшы әулие, Баба түкті Шашты Әзіз әулие, Әуке ана әулие, Әжі Сапа әулие, Қызылкөз әулие, Құлметай әулие, Көзата, Тақталы әулие, Қатын қамал, Қос әулие, Қарлығаш әулие, Жылтырақ әулие, Жалғыз тал әулие, Бесім әулие, Бақай әулие, Әбдікәрім әулие, Ақсүмбе, Қыз әулие, Күлтөбе киелі орны, Ақшеңгел әулие, Аққұс әулие, Айтжан әулие, Абыз әулие т.б. әулелі зираттар, кесене – ғимараттар агиотопонимдердің қалыптасуына негіз болып отыр. Профессор Ш.Ш.Жалмахановтың мәліметіне сүйенер болсақ, бір Созақ өңірінің өзінде 150-ге жуық қасиетті мекендер мен мәдени-тарихи орындар кездеседі екен [3,127]. Қазақтың классик жазушысы М.Әуезов «Өскен өркен» романын жазу барысында Шаян, Созақ, Түркістан, Қызылқұм, Бөген, Ленгір, Сарыағаш, Мақтарал аудандарында, сонымен қатар Қаратау өңірінің баурайында болып, ел мен жер табиғатын, тау мен даланы мекендеген халықтың өткені мен бүгінін зерттеу жоспарын құрып еді, өкінішке орай аяқталмай қалды. «Бұл жер тұнып тұрған тарих қой. Мынау Созақта халықтың екі ханы жатыр. Қарт Қаратаудың әр қойнауы толған сыр ғой. Анау Бабата, Құмкент, Шашты Әзиз әулие – бәрібәрі құпиясын ішке бүгіп жатқан тылсым дүниелер. Ашып қалсаң, талай
38 тарихқа қанығар едің, шіркін, қолды босатып алып зерттер ме еді [4],- деген болатын. Қазақ халқының мәдени – рухани әлеміне негіз болатын онимдік мұраларды жинаудың, хатқа түсіріп жүйелеп отырудың тарихи мән – маңызы ерекше. Әсіресе қазіргідей қоғам өміріндегі елеулі өзгерістер кезінде, дәстүрлі құндылықтар қайта сарапталып жатқан шақта, өзінің тарихи агиотопонимдерін сақтап қалудан, сақтап қана қоймай толығырақ зерттеп, қарастырудан үміті бар халық мәдени – рухани мұрасына айрықша жауапкершілікпен қарау керек. Мұның өзі түптеп келгенде адам өмірінің туғаннан өлгенге дейінгі барша тіршілік – тынысын реттеп отыратын, ұрпақаралық рухани сабақтастықты қамтамасыз ететін тетіктер болып табылады. Бұл ретте, кез келген елдің өзінің тағдыр болмысымен байланысты айғақтары ғана сол елдің рухани қазынасы болып табылады. Сонымен қатар, бұрынғы артта қалған ғұмыр – шежіресінде қолында болған, иелігіне қараған, өзінің болмыс – тағдырымен байланысты айғақ – белгілер сол елдің елдігін танытатын рухани дәулеті болып табылады. Бұл тұрғыдан келгенде Қаратау өңірі агиотопонимдерінің біршамасын сол жердің айғақ – белгісі ретінде тізбектеп шығуды жөн көрдік: Темір әулие агиотопонимі – Шолаққорғандағы ескі қорымда; Тіней бақсы әулие агиотопонимі – Бетбақдаладағы Өлке қорымынан жиырма шақырым оңтүстік шығысындағы Қарабидайық деген жерде; Ұзын ата әулие агиотопонимі - Теріскейден Түркістанға асатын Торлан асуында; Үкібай ата әулие агиотопонимі - Тасты елді мекеніндегі ескі қорымда; Файзулла баб агиотопонимі - Шолаққорғандағы ескі қорымда; Фатима ана әулие агиотопонимі - Шолаққорғандағы ескі қорымда; Шәк ата әулие агиотопонимі – Сызған елді мекеніндегі ескі қорымда; Шеңгелді ата әулие агиотопонимі – Жартытөбе ауылының батыс жағындағы «Шұлық» деген жерде; Шошақ ата әулие агиотопонимі – Қаратау елді мекенінің төменгі жағындағы үлкен шошақ төбедегі қорымда; Шынқожа ата әулие агиотопонимі – Қаратау елді мекеніндегі қорымда; Шілмембет ата әулие агиотопонимі – қазіргі Қарабура зиратында; Ірімшік ата әулие агиотопонимі– Қаратау елді мекенінен Арқаға шығар жол бойындағы ескі қорымда т.б. Жоғарыдағы айғақ - дәлел ретінде көрсетілген агиотопонимдерге зер салып қарайтын болсақ, Қаратау өңірінде ислам заңындағы әулиелерге табынушылық дами келе, қазақ арасында ежелден келе жатқан ата – бабалар әруағына құрметтеумен қосылып, сәулет өнерінің дамуына да кең жол ашқаны анықталды. Ислам дінінің Оңтүстік өңірінде (Қаратау баурайында) кең етек
39 алуына байланысты діннің тұңғыш уағызшылары мазарының үстіне кесенелер салып, оларды үлгі тұтқанын байқауға болады. Әдебиеттер: 1. Рүстемов З. Қаратаудың басынан көш келеді. Алматы, 1986.-364 б 2. Тіл білімі сөздігі. Алматы, Ғылым: 1998.-544 б. 3. Созақ // Құрастырған Жалмаханов Ш.Ш. Қарағанды: 2018 – 193 б. 4. Сыздықов К. М.Әуезовтің әдеби мұрасы. Алматы, 1979.-295 б.